Экологиялық сауаттылықты арттыру керек
Жыл басында Мемлекет басшысы волонтерлар жылына орай «Biz birgemiz» жалпыұлттық жоспары аясында экологиялық еріктілікті дамыту бойынша «Вirgemiz: Taza Alem» бағыты бар екенін айтты. Ең маңыздысы, енді экологиялық сағаттар бір реттік акция ретінде емес, жүйелі түрде жүзеге асырылатын болды. Бүгінде экология саласында жаңа жобалар мен түрлі бағыттар бар. Аймақ еріктілері де қоршаған ортаның өзекті мәселелері бойынша өз жобаларын ұсынып, экологияның жақсаруына атсалысып келеді. «Taza Alem» бағытында жұмыс істейтін еріктілердің мақсаты да сол, тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты қалыптастырып, табиғатты жақсартуға күш салуда.
«Taza Alem» бағыты жұмысын бастағалы бері Ақбота Стаева шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Оның негізгі мамандығы ‒ маркетолог. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі осыған дейін маркетинг, білім беру салаларында жұмыс жасаған. Қазіргі уақытта облыстық Жастар ресурстық орталығында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік саласы бойынша сүйемелдеу, кеңес және кәсіби бағдар беру бағытында қызмет етеді.
‒ Мен табиғатты жақсы көремін. Студент кезімде алғаш тауға көтерілген сәтте бір апта бойы эйфория әсерінде жүргенім есімде. Тауға шығу, суға шомылу, саябақта серуендеу адамға ерекше қуаныш сыйлайды. Мен 8 сынып оқып жүргенде облыстың экологиялық жағдайы туралы зерттеп, жоба қорғадым. Қоршаған ортаның жағдайы туралы ойлар сол кезден басталды деп ойлаймын. Жаратушының тегін берген табиғат сыйын неге адамдар өз қолымен жойып жатыр деген сұрақтар жиі мазалайтын. Осыдан соң қоқысты қайта өңдеу, сұрыптау, пластик өнімдерді пайдалануды азайту сынды пайдалы тақырыптарға қызығушылық таныта бастадым. “Таза әлем” жобасы осы тақырып аясында білімімді арттырып, қаламыздың көркеюіне кішкене болса да үлес қосуады деп сенемін, ‒ дейді Ақбота Стаева.
Білімді әрі белсенді жаспен тілдесу барысында еріктілердің ағымдағы жылда көптеген іс-шараның сапалы жүргізілуіне ұйытқы болғанын байқадық. Айталық, «Таза қала» экологиялық акциясын ұйымдастыру кезінде қаладағы арықтарды, дария жағалауын, алаңқайларды, “Сыр Самалы” қалалық жағажайын тазарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар шаһардағы көп қабатты үйлер ауласында, Б.Шөкенов атындағы саябақта, Талсуат елдімекеніндегі балаларды оңалту орталығының аумағы, Тағзым алаңы, Теміржол паркінде тал отырғызу акциялары өткен. Тіпті көпқабатты үйлердің ойын алаңдарын қалыпқа келтіру жұмыстары да назардан тыс қалмапты.
‒ Басқа қалаларда «плоггинг» деп аталатын жаңа фитнес-тренд қалыптасуда. Сол дүниені біз де ұйымдастырып көрдік. Плоггинг ‒ жүгіруді қоқыс жинаумен біріктіретін экологиялық қозғалыс. Яғни бір оқпен екі қоянды атуға көмектеседі. Қарапайым жүгіру экологиялық акцияға айналады.
Қазір қала бойынша бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес. Өкінішке қарай, қанша жинағанмен, қоқыс азаймайды. Әсіресе, жаз кезінде дария жағалауында демалушылар қоқыстарды сол жерде қалдырып кететінін байқаймыз, ‒ дейді А. Ертайқызы.
Экологиялық ахуалдың барынша жақсаруы үшін болысып жүрген ерікті бойжеткен аймақтағы құбылмалы ауа-райының тазалық жұмыстарына кедергі келтіретінін айтады. Әсіресе ұйытқи соққан жел тазалап қойған аймақты қайта қоқысқа толтырып тастайды екен.
‒ Бурабайдағы таудан үйілген қоқыс, қызғылт түсті Көбейтұз көлінің тұз бен балшығын алу арқылы жою, Алматыдағы лотостарды жұлу сынды оқиғалар экологияға қарсы жасалған зиянды әрекеттің толық тізімі емес. Қазақстанның табиғи байлықтары адам әрекетінің нәтижесінде жыл сайын сарқылып барады. Енді олардың көбін қалпына келтіре алмаймыз. Мемлекет табиғи байлықты келер ұрпаққа қалдыру үшін барлық шараны жүзеге асыру керек. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырды. Біз бұл бастаманы естігенде шынымен қуандық. Өйткені болашақ ұрпақты қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы тәрбиелеу керек.
Менің арманым – табиғатқа жанашыр азаматтарды көбейту. Экологиялық сауаттылықты арттыруға үлес қосқым келеді, ‒ дейді А.Ертайқызы.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА