Опшым, осылай...
Діңкесі бітіп қалтырағанын,
Жүрек соғысы там-тұм қалғанын,
Өздерінше «марқұм» болғанын,
Он екіде ашылмаған бір гүлі,
Ашылмай қап бір солғанын,
Сатып аласың.
Сатпаса, көкеңе айтып,
Тартып аласың.
Бермесе, үйінде он күн жатып аласың.
Қысқасы, аласың.
Аз-маз қаржы саласың.
Сосын өзгеден төмен ғып,
Қоясың бағасын.
Жылтыратасың...
Сүртесің...
Үтіктеп алып күртесін.
Ықтасын қылып күркесін.
Опшым, «кәнкіретні»
Оңай олжа күтесің.
Емес, ол ай сайынғы пенсиә,
Бұл – «Шімкентіски версиә».
Қатарыңнан қалмайсың,
Шертіп жүріп таңдайсың.
Жұрттан қалған «зәпәрөж»,
«Өлдім» оны алмайсың.
Базарға да бармайсың,
Шіркін, өзің қандайсың?!
Жатып алып үйіңде,
«Кәлесө»-дан таңдайсың.
Бояуы сырылып кетсе,
Шөңгеге жырылып кетсе,
Ол мойынға жүк болар,
Иекке шыққан түк болар.
Жоламай, қашасың,
Газды басасың.
Қолыңдағы қаржыны,
Алмай тұрған көлікті,
Жуамын деп шашасың.
Сөйтіп, таңдайсың,
Базарға тағы бармайсың.
Үйдегілерге сықиып,
Базарға кеттім деп алдайсың.
Сөйтіп, ананікін,
Ертеңіне мынанікін,
Қарап шығып, шарлайсың.
Әдепкіде лексус мінемін деп жинайсың,
Тиын құрап, жаныңды қинайсың.
Қалтаңда мол қаржы бар,
Жер-дүниеге сыймайсың.
Қысқасы, әрі нұсқасы,
Біреуден тәуірін аласың.
Сәл уақыт айдайсың,
Сосын жылқы қағасың.
Жөндетемін деп тағы,
Шымкентке барасың.
«Біздікін қой, істей алмайды»,
Шымкент қолай қылады,
Жұмысының да бағасын.
Сөйтіп, тағы жүресің,
Ойнайсың да күлесің.
Көлігіңмен бір күні,
«Гималайға» мінесің.
Соққыға жығып көлікті,
Умаж қылып түр-түсін,
Еді ғой деп «көрікті»,
Келтіресің жүрттың күлкісін.
Сосын сенделіп жүріп,
Өзің емделіп жүріп,
Алғаныңнан екі есе арзанға,
Шымкенттен келген бір жанға,
Сатасың да кетесің.
Сосын өзіңді жұбатып,
«Жақсы саттым» дейсің де,
Үйіңе жаяу жетесің.
Бұл енді өзіміз ғой,
Осылаймыз, не етесің?!
ОЛХ-ті ақтардым,
«Кәлесөні» боп қалдым.
Қысқасы, лексусты саттым да,
«Нәрмәлні» сотка алдым.
Мұңайма, досым-ай,
Опшым, осылай...
Қыр баласы