» » Бақыт Сәрсекбаев қайда жүр?

Бақыт Сәрсекбаев қайда жүр?

  Биыл Бақыт Сәрсекбаевтың Бейжің Олимпиадасында атой салғанына 10 жыл толады. Осы уақыт ішінде Алаш боласы өз елінде атақ пен құрметке бөленгенімен, халықтың ықыласынан кенде қалғандай көрінеді. Біздің саңлақтарымыз жеңіс тұғырына көтерілгенде бөркімізді аспанға атып қуанғанымызбен, жаза басқан сәтінде кеудесінен кері итере салуымыз тез.

Оларды ұмытпауға тиіс едік. Өкінішке қарай, қазақтың тұңғыш Олимпиада жүлдегері, даңқты желаяқ Ғұсман Қосанов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, грек-рим күресінің шебері Шәміл Серіков туралы ләм-мим деп жақ ашпаймыз. Бұл ретте «Сен айтып отырған спортшылардың әлде қашан дәм-тұзы таусылған, оны несіне айтып отырсың?» деуіңіз мүмкін, бірақ Бақыт Сәрсекбаевты елеусіз қалдыру бізді ойландырмай қоймайды.
Бақыт Сәрсекбаев деген кім еді? Ол өзбек жерінде жүріп атой салған саңлақ спортшы еді. Көрші ел құрамасында 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионатының жеңімпазы, Өзбекстанның 7 дүркін чемпионы. Құрлық ойындарында қола медальға ие болды (Пусан-2002). Бірақ оны Афина Олимпиадасына апармай, орнына Ділшод Махмудовты жібергеннен соң көп ұзамай қазақ баласы туған жерге туын тікті. Халықаралық деңгейдегі спортшы болғанына қарамастан бәрін қайтадан бастады. Азия чемпионы Қазақстанда облыстық деңгейдегі турнирлерде өнер көрсетті. 69 келіде 2004 жылы ел чемпионы атанды. Оған сол уақытта ұлттық құрама толықтай сенім артты. Бақыт та сенім үдесінен шыға білді. Екі мәрте Азия чемпионы атанды. Оны айтпағанда, 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиада ойындарында елімізге тиесілі жалғыз алтын (ауыр атлет Илья Ильиннің 2008 жылғы Олимпиададағы нәтижесін ХОК жоққа шығарды) медаль сыйлаған Бақыт Сәрсекбаевты елге сіңірген еңбегін еленбей қалды.
Неге біз осы Сәрсекбаевты Олимпиада чемпионы болғанда құшаққа қысып, басына іс түскенде кеудесінен кері итердік? Осы біздің жанкүйерлік сауатымыз да шамалы сияқты. Қалың топтан шыққан біреу ақ десе айғайлай жөнелеміз, қара десе отыра қап қарғап-сілеп аламыз. Сәрсекбаев Олимпиада чемпионы атанғанға дейін ерік-жігерін, бала болып ойын қуатын, жігіт болып сауық-сайран құратын уақытын тек боксқа, тек спортқа арнады емес пе? Олимп шыңын бағындырған соң елінің атын, мемлекетінің абыройын асқақтатты. Ал біз болсақ...
2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында бокста үкілеген үміттеріміздің бәрі сүрінгенде финалға шығып, бокстан жалғыз саф алтынды алған сол Бақыт емес пе еді? Оны аз десеңіз, 2008 жылғы Жазғы Олимпия ойындарында Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевке тым қатты үміт артқан Бейжіңде оза шауып, сөзін Елбасы мен Жұмекен Нәжімеденов, әнін вальс королі Шәмші Қалдаяқов жазған әнұранымызды Олимпиада төрінде тұңғыш рет шырқатқан тап осы Бақыт Сәрсекбаев емес пе еді. Алтын оғланымыз Бейжің төрінде көк байрағымызды көкте желбіреткен кезде Қытай көшелерін қазақ жанкүйерлерінің қуаныш жасы көл қылып еді.
Олимпиаданың финалында Сәрсекбаев Бостандық аралының үкілеген үміті Карлос Бантеураны 18:9 есебімен айқын ұтып, Куба боксшысын еліне алтын жүлдесіз қайтарған еді. Бақыт Олимпиаданың алтын медаль мойнына тағып қана қоймай, 2004 жылы Бақтияр Артаев бастап берген 69 килоның алтын арқауын сәтті жалғап, эстафетаны өзінен кейінгі іні-бауырлары Сәпиев пен Елеусіновке табысты ұсынған еді.
Сәрсекбаевтың Олимпиададағы ерлігі талай қазақ баласының қолына қолғап кигізіп, боксшы еткенін қалай оңай ұмыта салмақпыз. Ал әлдекімдер жас жеткіншектердің кумирі болған Бақыт туралы «Кумирмен қоштасу» деп соңынан шам алып түсіп, қаралап еді.
Неге біз осы өз қазағымыздың мықты екенін әлем мойындаған соң ғана мойындап, оның шын талант екеніне содан кейін ғана көз жеткіземіз? Мысалы, Сәрсекбаевтың Олимпиадада оза шабарын бізден бұрын АҚШ мойындап еді. 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатында 69 килода чемпион болған америкалық Деметриус Андрадеге жергілікті «Нью-Йорк таймс» газетінің журналисі «Олимпиадада ең басты қарсылас кім?» деген сауалға ол: Бақыт Сәрсекбаев деп жауап берген. Журналист «Ол құрлық деңгейіндегі боксшы емес пе?» дегенде АҚШ баласы: Жоқ, ол әлемдік деңгейдегі боксшы деп, сол кезде-ақ әділ бағасын берген-ді. Ал АҚШ-тың ақпарат құралдары Олимпиада алдындағы жасаған болжамында Бақыт Сәрсекбаев финалға шығады деп жорамал жасаған болатын. Ал ол кезде Бақыт көлеңкедегі боксшы еді. Бұл туралы сол уақыттары Ұлттық құраманың бас бапкері болған Дамир Буданбеков: «Олимпиада алдында алтынды алатын екі боксшымыз ғана болды. Оның бірі Серік Сәпиев болса, екіншісі Бақыт Сәрсекбаев еді», дейді.
Қазір Бақыт Сәрсекбаев құмға сіңген судай жоғалады. Әйтеуір, жылына бір-екі рет БАҚ бетіне шығып тұрғаны болмаса, Бақыттың қарасын іс-шаралардан мүлдем көрмейміз. Неге? Тіпті, қазіргі ұрпақ Сәрсекбаевты ұмытпақ түгіл, оны танымайтын да шығар. Кім білсін?!
Әншейінде чемпиондарды кез келген іс-шарада пайдаланып, атақ пен қызмет ұсынатын кейбір ағалар неге екені белгісіз, Сәрсекбаевке келгенде сараң. Әйтпесе, бір салмақта Олимпиада чемпионы болған Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиев қазір лауазымды қызметте. Бірі «Астана арландары» бокс клубында директорлық қызмет атқарса, екіншісі халық қалаулысы. Ал Бақыт Сәрсекбаевтың қайда, қандай іспен айналысып жүргенін ешкім білмейді... Біз бір атақты бірінен алып, екіншісіне берейік деп жатқан жоқпыз. Тек, барлық чемпиондарға бірдей қөзқараспен қараса екен дейміз.
Ойлап көріңізші, дәл қазір Бақыт Сәрсекбаев бауырлас әріптестері сияқты сол маңайында жүрсе, өзінен кейінгілерге спорттың қыр сырын үйретіп отырса, тіпті болмаса бокстан ел чемпионатында боксшыларды марапаттап, кейбір маңызы бар жиындарда оны Олимпиада чемпионы деп құрметтеп шақырып, арнайы сөз беріп тұрса қандай жарасымды болар еді. Әй бірақ, қазір оны ойлап, шын жанашыр боп отқан ешкім жоқ. Кейде ойланасың, апыр-ау, біз неге бейбіт күннің батырларын ардақтай алмаймыз деп. Әлде қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы көп пе?
Қорыта айтқанда, жұрт Сәрсекбаевтың отбасындағы жағдайды тек оның отбасына ғана қатысты еді ғой. Ал біз оны жалпы қоғамдық проблемаға айналдырып, әлеуметтің талқысына салып жібердік. Қазіргі таңда мұндай отбасылық кикілжің кімнің басынан өтпей жатыр. Түптеп келгенде, Сәрсекбаевтың басынан өткен оқиға я болмаса ұрыс-керіс әрқайсымыздың отбасымызда болып жатқан «қалыпты» жағдай емес пе?
Қазақтың маңдайына туған біртуар батыр ұлды оңай ұмыта салуға қиналмаймыз және қимаймыз.
Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ

31 наурыз 2018 ж. 2 473 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031