» » ЕЛТАҢБА, ТУ ЖӘНЕ ӘНҰРАН

ЕЛТАҢБА, ТУ ЖӘНЕ ӘНҰРАН

4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні
    2012 жыл. Теледидардан жерлесіміз Илья Ильиннің зіл темір көтергелі жатқан сәті. Бәріміз бір сәт тыныштық сақтап, отандасымызға іштей сәттілік тіледік. Ол 233 кг зіл темірді иығына қойды да, терең дем алып, екі қолмен жұлқи көтерді. Бүкіл қазақ елі қуаныштан айқайлап, тіпті бір-бірін құшақтай жөнелді. Олимпиаданың соңында көк туымыз көкке көтеріліп, әнұранымыз шартарапқа шырқалған кезде, көзіне жас алмаған қазақ жоқ шығар?!
1996 жылы Гималай шыңын бағындырған альпинистер туралы исландық режиссер Бальтазар Кормакурдың «Эверест» фильмі шебер түсірілуімен және актерлердің шынайылығымен көптің көңілінен шығып, әлемге танылды. Фильмнің басты кейіпкерінің бірі қазақстандық альпинист – Анатолий Букреев еді. Фильм кинотеатрда 2015 жылы көрсетілді. Қайғылы оқиға мен табандылыққа толы туындының ішінде қазақ туы көрсетілген кезде залда отырған көрерменнің көбі қошемет көрсеткені есімде.
Бүгін – патриоттық сезімді арттырып, ел егемендігін айқындаған мемлекеттік рәміздер күні. Әрқайсысының астарында өзіндік ерекшелігі, халқымыздың тағылымға толы тарихы бар.
Туымыздың көк түсі – біртұтастықтың, бірліктің, нұрға малынған алтын күн – тыныштық пен байлықтың, қалқып ұшқан дала қыраны – күштің, еркіндіктің белгісі. Қошқар мүйіз ою-өрнегі – мәдениет пен дәстүр даралығының нышаны. Бүгінгі күні біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттердің елшілік  ғимаратының маңдайшасында тұр. Авторы – суретшi Ш.Ниязбеков.
Мектепте дүйсенбідегі бірінші сабақта оң қолымызды жүрек тұсына қойып, міндетті түрде әнұран шырқаймыз. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы – Ш.Қалдаяқов, сөзін жазған – Ж.Нәжімеденов, Н.Назарбаев.
Рәмiздiк тұрғыдан елтаңбаның негiзi – шаңырақ. Шаңырақ – мемлекеттiң түп-негiзi отбасының, тұлпар – жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, бостандыққа ұмтылудың бейнесi. Ұшқыр арманның, жақсылыққа құштарлықтың белгісіндей қанатты тұлпар уақыт пен кеңiстiктi бiрiктiредi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн паш етедi. Елтаңба авторы – Ж.Мәлiбеков және Ш.Уәлиханов.
Осыдан 26 жыл бұрын қабылданған мемлекеттік рәміздер еліміздің егемендігін, тарихын, халқының біртұтастығын айқындайды. Рәміздердің мағынасын, маңызын сезініп, авторын тану, әрі аяқ асты етпей, құрметтеу – парыз. Ал бізге, жастарға, оларды кеңінен насихаттап,  ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – міндет.
Әсел БЕГМАН
04 маусым 2018 ж. 2 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031