» » Мемлекетшіл мүдде және сайлау

Мемлекетшіл мүдде және сайлау

  Қазақстан ұлттық арнасынан атақты «Ертұғырыл» телесериалын тамашалаған жұртты сөзсіз сүйінтер бір ғажап қасиет бар: ол фильмнің өн бойына өрілген мемлекетшіл мүдде. Түрік-оғыздардың тамыры саналатын қайы тайпасының көсемі Ертұғырыл мен оның айналасындағылардың мемлекетшілдігі және мемлекеттің біртұтастығын сақтап қалу ісін қылыштың жүзінен өткізген табанды саясаты тәнті етпей қоймайды.  Тіпті саясаттан иіс алмас деген адамның өзі көп нәрсеге көз жеткізіп, көңіл толтыра алады.
Біздің осы нөмірімізде медиатренер Асхат Еркінбайдың әдемі сөзі бар: қоғамға шамаң жетсе – көмектес, шамаң жетпесе – кесіріңді тигізбе. Осыны тақырыбымызға қарай бұрсақ, мемлекет мүддесі үшін игілікті іс қылғың келсе, шамаң жетсе көмектес, шамаң жетпесе жұртқа кесіріңді тигізбе, көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлағандай шала бүлінбе, елді де шала бүлдірме.  
Мемлекетшілдік деген қандай қасиет? Философтардың сөзімен айтсақ, халық пен биліктің әрекеті бір арнаға тоғысқан, болашақ тарихының бастауы бола алатын деңгей – мемлекетшілдік деген осы. Ұлы дала демократиясынан басталатын әділеттілік принципінің де осы мемлекетшіл мүддемен тамырласуының сыры осында.
Халықтың мемлекетшілдігі қай кезде сыналады? Ол әрине сайлау кезінде. Сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға адам таңдау науқаны кезінде нақты көрінеді. Сайлау – халықтың саясат мен мемлекеттік басқаруға атсалысуының кемел көрінісі. Бір жағынан, мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады, саяси элита мен жетекшілерді іріктейді, бір жағынан, Үкімет мен басқарушы саяси партияның саясатын бағалайды, мемлекеттің қызметіне қоғамдық бақылау жасайды.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ел азаматтары екі референдумдық науқанға, Президентті сайлау жөніндегі бес науқанға, бес Парламент Мәжілісін (төменгі палата) сайлауға, бес биліктің жергілікті өкіл органдарын (мәслихаттарды) сайлауға қатысқан екен. Сонымен қатар 2009 жылдан бастап сайлаушылар жылына екі рет мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауға қатысады. 2013 жылғы тамызда 2457 әкімшілік-аумақтық бірлікте жергілікті әкімшіліктердің басшыларын (әкімдерді) сайлауға қатысқан. 2014 жылы қазанда ҚР Парламент Сенатының депутаттарын сайлау болды. Жалпыхалықтық Президент сайлауы бес рет өткен екен: 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары. Көбісі мерзімінен бұрын өткізілген. Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.
Біз осы сайлаулардан не ұттық? Не үшін дауыс бердік? Бұл сайлаулардағы біздің ұтқанымыз, біздің жеңісіміз – халықтың жеңісі – әлбетте тұрақтылық. Біз тұрақтылыққа дауыс бердік. Мемлекеттік саясат тұрақтылығы, ел тыныштығы, төрт құбыламызбен бейбіт әрі сындарлы дипломатиялық қарым-қатынас – біздің сайлаудағы таңдауымыз осы. Сайлауға бір кісідей барып, бір жұдырықтай жұмылып дауыс бергеніміздің нәтижесі – бүгінгі өркениетті, дамыған мемлекеттердің алдыңғы санатына ұмтылған ұлы Қазақ елі – Қазақстан Республикасы.
9 маусым – Қазақстан Республикасының Президентін сайлау күні. Біз сайлауға барамыз. Дауыс береміз. Мемлекет тұрақтылығы үшін дауыс береміз. Бейбітшілік мекеніне ұя салған Бақыт құсын дәріптеп, жер жаһанға жаңа Қазақстанның жаңа дәуірін – мемлекетшіл мүддесін тағы бір мәрте паш ету үшін дауыс береміз!

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

01 маусым 2019 ж. 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031