9 айдың жұмысын қорытындылады
Арал аудандық сотында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің қатысуымен 2019 жылдың 9 айында сот төрелігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өткізілді.
Баспасөз мәслихатында сот төрағасы К.Садуақасова 2019 жылдың 9 айында аудандық соттың атқарған жұмыстары туралы баяндап, есепті кезеңде 55 қылмыстық іс, 577 азаматтық іс және 890 әкімшілік іс қаралғанын, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл қаралған істердің саны едәуір азайғанын, оның басты себебі, сотта және сотқа дейін тараптардың татуласу құқығын қамтамасыз ететін медиацияның әсері екенін жеткізді.
Есепті кезеңде медиация тәртібімен 12 қылмыстық іс, 94 азаматтық іс және 64 әкімшілік іс өндірістен тоқтатылса, 6 азаматтық істің партисипативтік рәсім тәртібімен, 10 азаматтық істің татуласу келісімдерін жасасумен аяқталғанын тілге тиек етті.
Азаматтық істер бойынша қаралған талап арыздардың басым көпшілігін некені бұзу, заңдық маңызы бар фактіні анықтау, алимент өндіру туралы, сондай-ақ келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрап келсе, бүгінде бұлардың қатары заңсыз алынған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті өндіру туралы талаптармен толығып отырғанын айтып өтті.
Есепті кезеңде қылмыстық іс бойынша 1 ақтау үкімі қабылданғанын атап, аталмыш істен мәліметтер келтірді.
Сондай-ақ, төраға сот жүйесіне енгізілген жаңа ақпараттық технологиялар туралы және Жоғарғы Соттың «Түнгі сот», «Виртуалды сот», «Отбасылық сот» сынды пилоттық жобалары жайында мағлұмат беріп, бабалар жолын қайта жаңғыртқан медиация, Билер кеңесі жайында көпшілікті ақпараттандыру мақсатында қала орталығына билбордтар орналастырылып, әлеуметтік желіде ұдайы түсіндірме шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.