Рөл
Соңғы уақытта мына бір жайт мені толғандырып жүр. Еркектердің әйел рөлінде ойнауын айтамын. Бұрын әзіл-сықақ театрларының қойылымдарынан анда-санда әйел рөлін ойнайтын ерлерді көріп тұратынмын. Қазір бұл барлық театрға еніп, етіміз үйреніп кеткен сияқты. Ол аз болса, қазір телеарналарды да жаулады. Қазіргі таңда телеарна қарай қалсаңыз, қазақша фильмдердің біразында әйел бейнесін сомдаған еркекті көресіз. Одан қалса, телеарналар тапсырысымен түсірілген әзіл-сықақ қысқа метражды немесе бүтіндей сериал құрайтын кинолардан да көріп жүрміз бұ жайтты. Оның үстіне бұлардың басым бөлігі бүкіл қоғам қарайтын ютуб арнасында топтасқан.
Осы тақырыпты әлеуметтік желіден қарасам, әйел бейнесін сахнаға еркектің алып шығуына қатысты сатириктер біршама пікір білдіріпті. Көпен Әмірбектің айтуынша, әуелде сахнаға әйелді жақындатпауға тырысып, «шайтанның ісі» деп санағандықтан амалсыз ер адамдар ойнаған деседі. Былайынша бұл ақылға қонымды көрінеді. Әрі ертеректегі образдарда бүгінгідей жұғымсыз әзіл, қатты бояну, ұятсыз қылық болмаған. Ал бүгін ше? Бәрі басқаша. Әйел рөлін ойнайтын актерлердің ішінде ең танымалы Сәбина келіннің бастан кешкендерін ойнайтын Нұртас Адамбай. Өзі режиссер, өзі басты рөлі ойнайды. Көрерменге осы кино өтімді болғаны сонша «Сәбина келіні» шыққан алғашқы күндері-ақ 100 миллион теңгеден аса қаржы жинап, рекорд жасаған. Мынаған қарап көрерменнің талғамына таңқаласың. Шынында солай. Сөзіме тұздық болсын. Осыдан шамамен 4-5 ай бұрын Асхат Еркімбай қаламызға келіп семинар-тренинг өтті. Мен де қатыстым. Сонда интернеттің қыр-сырын үйретті дегендей. Сонда қызылордалықтардың ютуб арнасынан ең көп іздегені – осы іспеттес әзіл-қалжыңдар екенін бақырайтып тұрып көрсетті. Басқа облыстар да осыған шамалас. Демек бұл жазғыз бізге қатысты емес, барша қазақстандықтардың сұранысы жеңіл-желпі дүниеге әуес екендігін көрсетеді. Ұят-ақ, бірақ рас әңгіме.
Тақырыпқа оралайын. Осы тақырыпта жазушы Зейнеп Ахметова да пікір білдірген екен. «Біздің қазақтың жігіттері қатын болуға әуес болып алды қазір. Басына орамал салып, үстіне көйлек киіп. Ойбай-ау, сонда әйелдің рөлін ойнайтын қыз-келіншектер құрып қалды ма? Толып жатыр. Еркек әйелдің бейнесін неге сомдайды? Бізде намыс азайып бара жатыр. Айта-айта шаршадым, бірақ әлі айтып жүрмін» депті бір сұхбатында. Келіспейін десең көк жәшіктен әйелдің рөлін ойнаған еркектерді күнде көресің. Әйелді сомдағандардың ішінде тағы «Шаншардағы» Нұржан Құлшынбаев, «Шымкент шоудағы» Берік Тұрсынбеков, «Базар жоқтағы» Ерболат Төлегенов бар. Бұлар жаңа жоғарыда айтқан ютуб арнасында да бағдарламаға түсіп жүр. Бұның да екінші зияны бар. Бізге дәл қазіргі уақытта батыр тұлғалы еркектер қажет-ақ. Жас буын соларға еліктеп өсуі керек меніңше. Бұрындары кітап оқып отырып не кинодан батырлардың бейнесін, рухты сөзі мен ісін көріп, әкеміз жонып істеп берген қолымызға садақ пен қылыш ұстап, астымызға ағаштан ат жасап алып «аттандайтынбыз». Ал қазір сыртта ойнайтын бала көрмейсің. Көрсең де бірен-саран. Қалғаны смартфонға күндіз-түні үңіледі де отырады. Міне қазір смартфон тәрбие құралына айналды. Егер осылай еркек ойнаған әйел болмысын көрсете берсек, келесі буын одан қандай тәрбие алады? Айтудың өзі қиын. Жалпы ақпараттық шабуылдан қорғана алмасақ, бәрі бір смартфонға байланып тұрған заманда келешегіміз қандай болмақ? Бір шығармада оқығаным бар еді. «Әйелі ерге қарағанда, ері жерге қарамау керек» дегенді. Бұлай ете берсек, жерге қараған былай тұрсын, кейінгі еркек кіндіктілер бұзылып кетпей ме деп те қорқасың. Мектепте сабақ беретін мұғалімнің басым бөлігі әйелдер, үйде анасы көп уақыт бөледі. Енді келіп телефоннан тағы әйел рөлін сомдаған еркек қосылса, баланың алар әсер қандай болмақ?
Хош. Айта берсең көп әйтеуір. Өткенде «Назар аудар» театрының актері ұл-қызының өсіп келе жатқанын айтып, әйелдің рөлін сомдауды қоятынын айтып жатыр бір бағдарламада. «Өнер қырандарынан» Жанболат Найзабеков те көбіне нәзік жандының рөлін алатын. Дегенмен қазір бұл ісін тоқтатқан екен. «Бүгінде өзім әйел образын сомдаудан бас тарттым. Өйткені бұған шариғатта рұқсат етілмеген. Дінге қайшы» депті тілшілермен бір тілдескенде. Дұрыс. «Есің барда еліңді тап». Өнер, рөл, актермін дегенмен ер-азаматқа тән қасиеттерді келер буынға көрсету, ерге тән істі насихаттап, идеал әке не аға болуға талпыну қажет қой. Бұл әрбірімізге қатысты. Өйткені бұл ұрпақтың келешегі бүгінгі күнге байланысты. Айтпағым, өз ісімізден кейінгі буын опық жемесе екен. «Әр қазақ менің жалғызым» деген бар емес пе?
Ақтілек БІТІМБАЙ