БИЗНЕС ШАХМАТ ОЙЫНЫ ТӘРІЗДІ
Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде халыққа рухани әрі материалдық тұрғыдан көмек көрсету, ұлт болып ұйысып, ел болып бірігу жағдайды біршама жеңілдетері анық. Мұндай төтенше жағдай кезінде көмектің үлкен-кіші деп бөлінбейтіні де рас. Болашақ университетінің ІІ курс студенті, жас кәсіпкер Ғасырхан Бақытжанұлы да осындай сындарлы сәтте сауапты істен шет қалған емес, ол өз есебінен қала тұрғандарына тегін маска таратуды қолға алыпты.
Орта мектепте оқып жүргенде-ақ белсенділігімен көзге түскен Ғасырхан «Серпін» бағдарламасы бойынша Степногорск қаласындағы құрылыс техникалық колледжін үздік тәмамдаған. Кейін Ақмешітке қайта оралған соң Болашақ университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқу грантын иеленген екен. Бала күнінен кәсіпкер болуды армандаған шиелілік жас студент бола жүріп кәсіпкер атанудың оңай емесін тілге тиек етті.
− Сырттай қарағанда өз жоспарыңмен бизнес бастау жеңіл көрінетіні рас, алайда әр істің қызығы мен қиындығы қатар жүретінін жоққа шығаруға болмайды. Бастапқыда сабақ пен кәсіпкерлік жұмыстарын қатар алып жүру қиынға соқты. Бірақ осы уақытқа дейін мен көптеген қызмет түрімен айналысып көрдім, күзетші, құрылысшы, аспазшы, сатушы да болдым. Сол кезеңдерде «неге мен жұмыс жасаушы емес, жұмыс беруші бола алмаймын?! Өзгелерде бар денсаулық, ақыл, күш менде де бар емес пе?!» деген ой жиі мазалайтын. Арада көп уақыт өтпей-ақ мен жеке кәсібім үшін қаржы жинай бастадым. Содан соң «Болашақ» университетінің жанындағы студенттер үйінен «MooD FooD» аталатын азық-түлік дүкенін аштым. Осы орайда бизнес жоспарымның сәтті жүзеге асып, арманымның орындалуына үлкен қолдау көрсеткен Мадина Қасымжанқызы мен университеттің халықаралық ынтымақтастық және тәрбие жұмыстары жөніндегі проекторы Маржан Базархановаға алғысымды білдіремін, − дейді 21 жастағы Ғасырхан.
Айта кетейік, университеттегі «Мейірім» еріктілер клубы мен «Bolashak Startup» ұйымының жетекшісі атанып, білімді жастармен бірлесе қызмет етіп жүрген Ғасырхан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен идеялар жәрмеңкесінде «Ең үздік идея» номинациясымен марапатталған. Сондай-ақ облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Маркетинг таланттары» байқауында бас жүлдені қанжығасына байлаған ол «Менің арманым» бизнес идеялар байқауында да топ жарыпты. Тіпті «Bobek» жалпыұлттық заңды тұлғалар қауымдастығы өткізген білім бәсекесінде биіктен көрініп, ТМД елдері арасында ІІ дәрежелі «Үздік студент − 2020» атанған Ғасырхан бәйгеде жүйрік, бизнесте табысты болудың тәуекелге байланысты екенін атап өтті.
− Бизнес саласы шахмат ойынына ұқсайды, жеңу үшін терең ойланып, тәуекелге баруың керек. Өзім қай істі қолға алсам да, Бауыржан Момышұлының мына сөзін есімнен шығармаймын: «Су сұйық болғанымен, тас жарады. Жел құз жартасты құмға айналдырады. От жұмсақ болғанымен, қатты ағашты күл етеді. Байқап отырсақ, жұмсақ нәрсенің бәрі ең соңында қаттыдан әлдеқайда құдыретті әрі күшті болып шығады». Өмірдегі болмашы көрінген әрбір қадам үлкен жетістіктерге бастайтынын осы өнегелі сөз дәлелдеп тұрған тәрізді, − дейді жас кәсіпкер.
Гүлдана ЖҰМАДИН