МҰРАЖАЙДАН ЕСТЕЛІК
Палитра
Барлығымыз бірге Әбілхан Қастеев атындағы өнер мемлекеттік мұражайына жаяу жол тарттық. Табалдырығын оң аяғымызбен аттаған сәттен бастап, керемет өнер тұңғиығына сапар шеккендей ерекше сезімде болдық. Алдымен көшпелі қазақ халқының тағдырының тармағы іспеттес оюлармен өрнектелген кілемшелерін және зергерлік бұйымдарын тамашаладық. Өте тиянақты сақталған бұйымдар тарихының тереңіне, түрінің әсемдігіне және қазақ мәдениетінің кереметіне таңырқай қарадық.
Теңіздің түбінде жарқыраған маржандай мәдениетімізде ойып орын алған, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев мұрасы біздің саяхатымыздың келесі аялдамасы болды. 1937 жылы салынған «Қызды еріксіз әкету» деп аталатын туынды өзіме ерекше ұнады. Бұл суретке қарағанда құлағыма қыздардың айқайы келгендей болды. Яғни суреттегі қара түсті күңіренген табиғат, адамдардың бет-әлпеті , суреттің әрбір элементі маған бір қысқаша көріністі жеткізгендей болды және тағы бір осы сарындас «Сатып алынған қалындық» атты туындысында автор әрбір кейіпкердің жан-дүниесін, дәл сол сәттегі сезімін бейнелеген. Мен мұны суреттің тақырыбына қарамай-ақ түсіндім. Қыздың жүрегіндегі қимастық сезімді, шарасыздықты байқадым. Келесі бір суретте Әбілхан Қастеевті ұлы пейзажист ретінде мойындадым. «Биік таудағы мұз айдыны» деп аталатын суреттің шынайылылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы ұлы суретшінің мұрасын саралай келе, әрбір туындысында автордың белгілі бір мәселені қозғағысы келгенін түсіндім.
Келесі аялдамамызда әлемді мойындатқан суретшілердің мұраларымен таныстық. Соның ішінде көңіліме қонымды болған екі суретшіні атап өтуді жөн көріп отырмын. Мен қазақ тарихында Сергей Иванович Калмыков деген суретші барын мұражайдағы жұмыстарын көргеннен кейін білдім. Мен үшін бұл жанның өткен өмірі қызық болды. Ол адам аса талғампаз, жаңашыл, өзгеше ойлайтын тұлға болған. Мұны мына сөзінен байқауға болады: «Елестетіп көріңізші, дүние – жүзін миллиондаған көз бақылайды. Сонда жер бетіндегі сұр, қара киінген адамдардың арасында жарқ еткен қызыл белгі пайда болады. Бұл сыртқа шыққан мен едім» дейді. Мені бұл жанның бойындағы өз өнеріне деген махаббаты, қоғамда өзгеше болуға тырысқан талпынысы таң қалдырды. Ол суретін көбіне парақ қиындыларына салған және ешқашан сатылымға шығармапты. Ол өмірдің өзінен шабыт ала білген жандай көрінді маған. Күнделігіндегі соңғы сөзінде: «Маған театрдың не қажеті бар? Мен үшін өмірдің өзі театр» дейді. Өз ғұмырында мансапты, табысты емес, өнер мен нағыз өмірді таңдаған суретшінің жұмысы адамды ойландырады. Суреттерінде фантазия мен ой өрісі ұштасқан.
Екінші суретші – Гульфайрус Исмаилованың нәзіктік пен көркемдікке толы суреттері жүрегіме жақын. Шара Жиенқұлованың портретін ерекше атап өтер едім. Бұл суреттегі бояулардың үйлесімділігі сонша, бір қарағанда портреттегі кейіпкер қозғалып жатқандай көрінеді. Автордың өмірдегі мақсатын сұрағанда «Ең бірінші, адамдарға жақсылық жасау, одан кейін барып бар өмірімді өнерге арнау» деп жауап берген еді. Суретші бұл екі мақсатты да өз деңгейінде орындады. Мені бұл суретшінің қалдырған мұрасымен қоса, өнер жолындағы өмірі, сондай-ақ жеке өмірі қызықтырды. Ол өнер арқылы өзін көрсете білген, өнер арқылы өмірлік махаббатын тапқан, өнер арқылы өмір сүрген. Міне, осы себепті бұл суретшінің орны бөлек еді.
Бұл жайдарлы, шуақты күн таным мен сезімге толы болды. Әрбір суреттің алдына барып, әртүрлі әсер аласың. Біріне бір көргеннен ғашық болып, таңырқай қарасаң, бірін ұнатпай, қасынан өте шығасың, енді бірін түсінбей жатсаң, біріне қарап кейіпкердің эмоциясын жан-дүниеңмен сезінесің. Әрбір суреттің астарында бір сыр, тынымсыз еңбек, төгілген маңдай тер бар. Мұражайдан шыққаннан кейін: «Бүгін расыменде өте қызықты, ұмытылмас күн болды», – деп жаттық бір-бірімізге.
Әсел БЕГМАН
(суреттер соңғы бетте)