» » » ЖЕҢІС МЕНІКІ ДЕП ОЙЛАМАДЫМ

ЖЕҢІС МЕНІКІ ДЕП ОЙЛАМАДЫМ

Жедел сұқбат
Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын:
Мұхтар, жеңіс құтты болсын! Бір ғұлама «Екі нәрсе сізді дана қылады: оқыған кітабыңыз бен кездескен адамдарыңыз», – депті. Екі мәрте алтын домбараға қол жеткіздіңіз. Міне, бүгін «Жүрсіннің жүйріктері» жобасының жеңімпазы атандыңыз. Жүлдеңіз құтты болсын!
Пейілдеріңізге үлкен рахмет. Осы жеңісіме өзімнен бұрын қуанатын артымда бір қауым ел бар екенін сезінгенімде бұл жеңісімнің дәрежесін асқақтатқандай әсерде болдым. Бірінші болып халыққа жариялауға асыққан «Ақмешіт жастары» газеті ұжымына алғысым шексіз. Екі мәрте алтын домбыраға қол жеткізуде талай жылғы еңбектің арқасы. Бізден бұрын танылған, талантты ақындарымыз бір мәрте болса да осы жүлдеге қол жеткізсем деп армандайды. Алтын домбыраның екі мәрте Сыр еліне бұйыруы Алланың қалауымен болған іс дер едім.
Көңіл-күйіңіз қалай? Ата-анаңыз да теледидардан тамашалады ма?
Алғашында ата-анам теледидардан тамашалады. Ақтық сында студияға келіп, қолдау білдірді. Тіпті сахнада отырып, анамның аузы жыбырлап, дұға еткенін байқап отырдым. Ата-ананың баласына, баласының ата-анасына жасаған дұғасы кері қайтарылмайды деген. Осы жеңіске жетуіме ата-анамның қосқан үлесі де бар.
Бас жүлде иегері Мұхтар Ниязов деп сахнаға шақырды сізді. Өзіңіз бір шумақ арнау айттыңыз. Дауысыңызда діріл болғандай әсер қалдырды. Күткен жоқсыз-ау шамасы?
Рас айтасыз. Төрт айналымда 45 минуттан айтысқан ақынға бір шумақ өлең арнау қиын емес. Дегенмен жеңіс менікі деп ойламадым. Содан болар толқып, айтатын сөздерім өңешіме келіп тірелгенде қайсысын айтарымды білмей қысылғаным рас. Өмір бақыттан тұрмайды, бақытты сәттерден құралады демекші, мұндай қуанышты сәтті бір шумақ өлеңмен жеткізу қиынның қиыны.
Айтыс көрермендері жақсы біледі. Бес айға созылды бұл айтыс. Сізге қалай әсер етті бұл уақыт?
Егемендік алғаннан бері қазақтың қанына сіңген айтыс өнерін дамыту үшін айтыс жанашырлары түрлі тәжірибеден өткізді. Оның ішінде телевизиялық және пародиялық айтыс көпшілік көңілінен шықты. Басында айтыс шынайылығынан алыстап кете ме деген қорқыныш болды. Дегенмен бұл пародиялық айтыс жанрының да өзіндік ерекшелігі бар екенін байқадық. Өйткені халыққа «Теңге мен доллардың» айтысы деген сынды формалық жағынан жетілдірілген айтыс жасадық. Ұлттық арнада бес ай көлемінде айтыс өнерінің дәріптелуі үлкен жетістік. Өткен жылы арна басшысы «Мен қазақпын» жобасын дүрілдетіп өткізсе, міне, биыл «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы арқылы атамұра айтысымызды биікке шығара білді. Бес айға жуықтаған уақыт көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Дегенмен бұл сайысқа қатысқан ақындар телевизиялық рейтинг арқылы іріктелді. Яғни мықтылардың мықтысы қатысты десек артық айтқандық емес. Екінші айналымға аға буын ақындардың басым көпшілігі өткен болатын. Ағалық ілтипатын білдіріп жастарға орын берді.
Бұл жеңіс сіздің үнемі бабыңызда жүретініңізді дәлелдегендей болды. Жалпы айтысқа қалай дайындаласыз? Кімдерді оқисыз?
Бұл өнерде үнемі бабында жүру, жеңіске жету оңай емес. Айтысқа кітап оқып ғана дайындалмаймын. Өмірде кездесетін әрбір құбылысты көкірегіме тоқып, ой елегінен өткіземін. Кейін айтыста орайын тауып, өлең қылып халыққа жеткіземін.
Әділқазылар алқасында отырған Әсия Беркенова екі ақынға бірін-бірі  мойындау жетіспейді. Бірінің бірі мықтылығын мойындағысы келмейді деп айтты. Бұған не айтар едіңіз? Расында да солай ма?
Әсия апайымыз өте орынды мәселе көтере білді. Ақындар бір-бірін мүлде мойындамайды деген сөз емес. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» демекші, сахнаға шыға сала, ол мықты дей салу айтысқа жат. Өйткені айтысқа ақындар ауылының сенімін арқалап келеді. Сол сенімді сен мықтысың десең, аяққа жығып бергендей болады емес пе?! Мықтыны мойындау ақынның емес, әділқазылар алқасының жұмысы дер едім.
Рас, бүгінде ақындар арасында сөзге қонақ беру деген жоқ. Жеңілді-ау дегеннің өзінде бірнәрсе айтып жатады. Енді ақында амбиция болу керек дегенге келісеміз. Дегенмен осы жағдайға қандай уәж айтасыз?
Сөзге қонақ беру деген экранда онша көріне бермейді. Мықтылардың ішінен  Ринат Зайытовтың, Балғынбек Имашовтың сөзден жеңілдім деп мойындағанын естідік. Ақсаса секірдім, сүрінсе секірдім деп ақталып кететін ақындар көп. Жеңілгенін мойындаған ақын оның әлсіздігін емес, рухының биіктігін, қарсыласын бағалай білетінін, сөзге тоқтау деген үлкен дәстүрді сыйлағанын білдіреді.
Өзіңіз де жақсы білесіз, бүгінде «Жұлдыздар айтысады» деген жоба бар. Осы арқылы айтыс деңгейін түсіріп жібереді деп ойламайсыз ба?
– ХХІ ғасырда айтыс өнерін жан-жақты таныту мақсатында үш жыл бұрын бұл жоба қолға алынған. Танымал эстрада жұлдызы мен айтыскер өнерін ортаға салады. Нәтиже көрсетіп отырғандай, айтыс өнеріне қызығушылығы жоқтар да бұл жобаны тамашалап, айтыс өнерінің құдіретін сезінді. Өзім де Айгүл Иманбаевамен айтыстым. Дегенмен бұл жоба ұлттық өнерді насихаттаудың шарасыз жолы дер едім.
– Өзіңізбен күнде сөйлесіп жатқан жоқпыз. Осы қуанышты сәтті пайдаланып, оқырманға сіздің көңіл-күйіңізді жеткізсек деген ниетіміз болған. Рахмет сізге. Соңғы сұрақ. Оқырман үшін де қызықты деп ойлаймыз. Айтыстарыңыздың жинағын қашан шығарасыз?
– Жас та болса бұл басылым қоғамның өзекті мәселелерін дер кезінде бере білуімен ерекшеленеді. Кітап шығару мәселесіне келер болсақ, қағазға жанашырлығымнан ба, әлде оқылмайтын кітап шығарғым келмейтінімнен болар, асығыстық танытқым келмейді. Қандай кітап оқылатынын білмейтіндіктен екіұдай пікірде жүрмін. Айтыс жинағым белгілі себептермен кешігуде.
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
12 шілде 2018 ж. 1 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031