» » » ҚЫЗЫМ, СЕНІҢ МОЙНЫҢДА

ҚЫЗЫМ, СЕНІҢ МОЙНЫҢДА

   Сыртқы есіктің қоңырауы шырылдады. Ас үйде жүрген анам шағын сенсорлы экранға жақындап:
– Кім екен, – деді сабырлы даусымен.
Монитордан адамның жүзі емес, кішкентай қыздың қолы көрінді.
– Сәлеметсіз бе, апа! Жеті күлше әкеліп тұр едім.
Анам кілттің бейнесі бар батырманы басып, есікті ашты. Шашын өріп алған қарама-қарсы үйде тұратын Айлин мектептен енді келген болу керек үстіндегі ақ жейдесі мен белдемшесін ауыстырмапты. Қолындағы оюланған көк табағынан ыстық күлшенің біреуін алып, анама ұсынды.
– Кіре ғой, қызым, ниеттерің қабыл болсын, – деп анам Айлинді күтіп алды.
Күлшенің аңқыған иісі үйді алып кеткен болар, өзге бөлмеде жүрген інім мен сіңілім жүгіріп келді. Анам жарыса келген балаларға күлшені қолымен үзіп, үлестіріп берді де:
– Қабыл болсын деп жеңдер, – деп қабағын түйіп қойды.
Кішкентай сіңілім күлшеге тосап жағып, ойланып қалды.
– Мама, айтшы, күлшені не үшін таратады?
– Бұл ата-баба аруағын сыйлаудан шыққан. Астарында әруақтың  атынан елге тамақ беріп, сауабын өліге бағыштау түсінігі жатыр. Соларды еске алып, Құран бағыштап, көрші-қолаңға жеті шелпек таратады. «Жеті» деген қазақта киелі сан екенін білесіңдер ғой?
Інім мен сіңілім басын үнсіз изеп, шелпектің келесі үзіндісіне қол созды.
– Негізі жеті шелпекке қатысты аңыз көп. Соның бірі есімде ерекше қалды. Себебі марқұм әжелерің жиі айтып отыратын. Айту арқылы сол
жауапкершілікті бізге жүктеді. Енді мен де сендерге айтып ғана қоймай, келер ұрпаққа насихаттау керегін түсіндірмекпін. Әр елдің өзіне ғана тән салт-дәстүрі бар. Сонымен ол өзгеше, сонымен ол құнды. Бірақ сол дәстүрден елдің жастары алыстаса, ол халықтың болашағы қараңғы. Себебі ата-баба жолынан адасқан халықтың алдынан өзгенің ырқына еру күтіп тұрады, – деп қаталдана түскен даусын өзгертіп:
– Алдымен бір кесе шай құйып берейін, – деп мейірлене жымиды.
Кесені алдына алып, балалар анасына құлағын асыға түріп отыр.
– Мұндай баршылық заман болмаған кезде бір шалғайда үш немересімен әжей өмір сүріпті. Баласы мен келіні ауыр дерттен көз жұмып, үш немересі әжесіне аманат болып қалады. Бірақ қиын-қыстау уақыт еді. Тамақ жоқ, жұмыс жоқ. Келешегінен мүлде күдер үзген кейуана күндерін көшеде қайыр сұраумен өткізеді. Бір күні сол жерге жаңадан сайланған хан кедейдің киімін киіп, ел ішін аралайды. Қасындағы уәзірлері оған жағдайы жақсы отбасыларды ғана көрсетіп, халықтың халі жақсы екеніне сендіруге тырысады. Уәзірлерін сарайға қайтарып, серуенге өзі шығады. Ағаштың түбінде кішкентай қазанды араластырып отырған кейуананы көзі шалады. Жан-жағында отырған немерелердің көзі қазанда. Әжей қарлыққан даусымен «Қазір пісуге жақын қалды» дегенді күмбірлей айтады. Сырттан бақылап тұрған хан біраз уақыт өтіп, күтуден шаршап, немерелер ұйқыға кеткен соң қасына жақындайды. Өзінің кедей әрі таң атқалы дәм татпағанын айтып, қазанындағы тамағынан беруін сұрайды. Әжей ауыр күрсініп, қазанның қақпағын ашады. Хан телміріп, тұрып қалады да, тез бұрылып, сарайға қарай бет алады. Жүрісін тездетіп, сарайына жетеді. Асханадағы үстел үстінде тұрған ұнды ыдысымен көтеріп алады. Келген жолына қайта түседі. Ойында қазанның ішінде тұрған тас ғана. Әжейдің, балаларының бастан өткерген қиын күнін еске алып, өзін кінәлі сезінеді. Көзіне жас алады. Қарсы соққан желмен жас қолындағы ұнға төгіліп, тылсым күшпен шелпекке айналады, – деп әңгімесін аяқтады.
Суып қалған шайды ұстаған балалар енді шелпекке басқаша қарады.
– Күлше туралы басқа «жеті шелпек жеті бәледен сақтайды» деген аңыз да бар. Бірақ оны келесі жолы айтып беремін. Себебі қызым, саған шелпекті қалай пісіру керегін үйретейін. Сөзбен айту бір бөлек. Іспен көрсету басқа. Оны әр аптаның жұма не бейсенбісінде пісіру және Алла бұйыртса, ұрпағыңа түсіндіру – енді сенің мойныңда.
Әсел БЕГМАН
27 қыркүйек 2018 ж. 855 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031